Ғылыми жобаларға бөлінетін қаржының есебі жоқ - Еділ Жаңбыршин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғылыми жобаларға бөлінетін қаржының есебі жоқ - Еділ Жаңбыршин

05.05.2024

Мәжілісте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын талқылау барысында AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин ғылыми жобаларға бөлінетін миллиардтаған қаржының есебі жоқ екенін көтерді. Көптеген ғалым мемлекет тарапынан бірнеше рет қаржыландырылған. Соңғы 10 жылдағы «миллиардниктерді» атап өтейін: Адекенов 1 млрд 491 млн теңге, Мансуров 930 млн теңге, Раманкұлов 1,1 млрд теңге, Рамазанов 1,6 млрд теңге грант алған.

Осы ғалымдар қандай нәтиже шығарды, қандай ғылыми жетістіктерін коммерцияландырып, өндіріске енгізді, қанша жұмыс орны ашылды, одан қанша салық түсті?

Жобалар мен зерттеулерді одан әрі іске асырудың қандай-да бір критерийі бар ма? Ғалым грантты алды, бірақ нәтижесі жоқ, сосын ол өтініш беріп, тағы грант алады. Осылай жалғаса бере ме, әлде тоқтау бола ма?» - деді ол.

Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек депутаттың сауалына толыққанды жауапты жазбаша беретінін айтқан. Дегенмен сол жерде айтқан мына сөзі біраз мәселеден хабар береді. Тіпті хабар береді емес, Жаңбыршиннің күдігі рас екен. Себебі:

«Біздің ғылыми қауымдастық ғылыми гранттарды ала беруге үйреніп қалған. Сұраныс, талап қатал емес. Грантты беріп жатыр, беріп жатыр» деген министр. 

Ғылыми жобаларға бөлінетін ақша ішкі жалпы өнімнің мынша проценті деуге келмесе де тиын-тебен емес екенін білдік. Бұл процесстің ашық емес екенін де түсіндік. Жақсы, жоба сәтті шықты дейік. Ал өндіріске енгізу процесі анық па? Әрі қарай өндіріске кім енгізеді? Кім үйлестіреді? 

Бұл айналдырып әкеп таға қоятын алқа сияқты реттелген процесс пе, Серік Жұмабектің материалынан ұғамыз. 

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Екінші рет ғылым туралы заң қарап жатырмыз. Бір дұрыс заң шығарайық та, қайтып келмейтіндей.

Манат Келдібеков, «Ғылым қоры» АҚ басқарушы директоры:

Отандық өнеркәсіп өкілдері тарапынан отандық ғалымдардың ғылыми өнімдеріне сенімсіздік бар екені белгілі.  

Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті:

Оның себебі не десеңіз, біздің саясаттың өзі сондай. Сенің еңбегіңнің нәтижесі жазған мақалаңмен өлшенеді.

Әлем бойынша ғылымға ең көп қаржы бөлетін елдердің үштігін АҚШ, Қытай және Жапония бастап тұр. Ал, біздің елде бұл көрсеткіш ЖІӨ 1 пайызына да жетпейді.    

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Жалпы, біздің ғылым саламыз, жоғары білім саламыз қаржыландыру өте төмен деңгейде. Жақында шыққан әлем банкінің есебіне қарасақ, соңғы 30 жылда бүкіл орта деңгейдегі елдер ғылым, инновациялардың ЖІӨ пайызбен есептесек күрт өсіріп жіберді. 4.7 пайыз Оңтүстік Корея мысалы. Біздің ІЖӨ 1 пайызға дейін жеткен жоқ.

«Ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған заманауи технологиялардың жетіспеуі отандық ғылымның дамуына кедергі келтіріп отыр»,- дейді мамандар. Сол үшін мемлекеттің қаржысынан бөлек, бизнес өкілдерінің де қолдауы керек деп санайды. Бірақ...

Асхат Аймағамбетов,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Өкінішке орай бүгінде бизнес ғылым саласына инвестиция жасауға, оны өндіріске енгізуге үлкен қызығушылық танытпайды. Қаржыландыру деңгейі өте төмен.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Бізде үш «кит» бар. ТШО, Қашағанды игеріп отырған NCOC, Қарашығанақты игеріп отырған KPO деген. Олар табысының 1%-ын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен кадр дайындауға беру керек. Егер сол миллиардтаған ақша тауып отырған үлкен үш компанияның қандай қаржы беріп отырғанын білмесе, бұл- ұят нәрсе.

Салаға жауапты министр Саясат Нұрбек жекеменшік сектордан 6 млрд-қа жуық инвестиция тартылғанын айтады. Жалпы есепте бөлінген ақша аз емес. Бірақ, бәрібір жетпей жатыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Мысалы, егер Альфа компаниясы Сәтпаев атындағы зерттеу университетінің жанынан ғылыми зерттеу институтын ашатын болса, әлде ғылыми орталығын ашатын болса және оған 100 млн теңге қаражатын жұмсаса онда ол компания ертең салықты төлегенде дәл осы салған 100 млн теңгесінің құнын шегеріп, салық төлегенде осындай жеңілдіктер алатын болады.

Елімізде 2016 жылы ғалымдарға ғылым гранттарын беру дейтін жақсы жоба басталған. Көлемі 350 млн теңге. Қазірдің өзінде 280 жоба қаржыландырылған.

Манат Келдібеков, «Ғылым қоры» АҚ басқарушы директоры:

Бүгінгі күні 150 ден астам сатылымға шыққан жобаның жалпы сатылым көлемі 33 МЛРД-тан асты. 16 жобамыз экспортқа шықты.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Жалпы коммерцияландыру жобаларының нәтижесінде соңғы 5 жылда 60 млрд-қа жуық төлемдер, салықтар түсті бюджетке. 1400-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

Мамандар ғылым гранттарын беру Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімі нәтижесінде жүзеге асатынын айтады. Онда ашықтық жоқ көрінеді. Сәйкесінше, ұйымға қатысты сыни пікір де жетерлік.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Ұлттық ғылыми кеңес деп аталады. Оншақтысы бар. Қарап отырсаңыздар, бәрінің есебі 4 бет. Тек статистика мен өздерінің мүшелерін жазып қойған, ешқандай талдау жоқ.

Ал, академик Асқар Жұмаділдаев ғылыми кеңес биліктің бишігіне айналды, өз бетімізше шешім қабылдай алмаймыз деп налиды.    

Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті:

Осы академияда істеп жатқаныма 8 айдай уақыт болды. Біз министрліке бағынамыз. Біз түшкіру үшін олардан рұқсат сұрауымыз керек. Түшкіруге бола ма, болмай ма деп. Біздің тірлігіміз азаннан кешке дейін қағаз жазамыз. Яғни, ол еңбегін тек қана мақала жазумен емес, тек қана отчет жазумен емес, сіз оны өндіріске енгізуіңіз керек. Жаңа технология жасауыңыз керек, зауыт салуыңыз керек, фабрика салуыңыз керек, бір нәтиже болу керек. Ал, нәтиже болмаса ондай ғылымның не керегі бар.    

Серік Жұмабек, тілші:

Қалай десек те, ғылым гранттары беріліп жатыр. Нәтиже жоқ емес, бар. Өкініштісі, сол миллирдтардың өтеуі болған ғылыми жетістіктердің өндіріске енуі кенжелеп тұр.  

Али Ауезов, Химия ғылымының докторы:

Өндіріске қажетті бір нәрсе жасадыңыз ғой, жаңалық аштыңыз. Сол жаңалықты өндіріске енгізу ең үлкен проблема бізде.

Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті:

Зерттеп жатқан ешкім жоқ оны. Өндіріске енгіздің бе, енгізбедің бе?! Енгізбесең саған ұрысады, «неге енгізбедің оңбаған»,- дейді болды. Одан басқа ештеңе де жоқ.    

Ғалымдар бұл жердегі басты мәселе өндіріс орындарының өзгеріске дайын еместігінде деп санайды. Тіпті, кей салалар бойынша кәсіпорын жоқ көрінеді.

Шахислам Лайсханов, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА жас ғалымдар кеңесі төрағасынің орынбасары

Өндірістің ғылымға деген сұранысы, ғылымға деген сеніміне тікелей байланысты. Қазіргі кезде өндіріс ғылымнан алшақтау жұмыс жасайды. Ғылымның нәтижелеріне бас қатырғысы келмей, дайын осыған дейін шығарылған дүниені шығарғанды дұрыс көреді.

Ғалым Әли Әуезов өзінің ғылыми жобаларына 70- тен астам патент алған. Бірақ, соның біреуін де өндіріске енгізе алмапты. Сөреде тұрған соны жаңалықтары ғылыми айналымға енбей қала ма деп қорқады. «Егер, жауапты орган арнайы маман бекітіп, аяқталған жобаны сатумен айналысса бұлай болмас еді»,- дейді.  

Али Ауезов, Химия ғылымының докторы:

Шетелде сізге грант беретін болса заңгерді қосып береді, менеджер қосып береді. Бізде ондай адам мүлде жоқ. Ондай адам болмаса өзіңіз жасауыңыз керек оны. Сіз өзіңіз жасайсыз, өзіңіз жүгіруіңіз керек.

Серік Жұмабек, тілші:

«Ғылым Қоры» АҚ Басқарушы директоры Манат Келдібековтің айтуынша ғалым грант алғаннан кейін міндетті түрде өз өнімін нарыққа шығарып, кем дегенде гранттың 15%-ы көлемінде табыс табуы керек. Егер, еш нәтиже болмаса Ұлттық ғылыми кеңес жобаны тоқтатып, берілген ақшаны қайтару ауға құқылы. Бірақ, еш нәтиже болмаса да бірнеше мәрте грант алатындар бар көрінеді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Практика көрсетіп отырғандай көптеген ғалымдар бірнеше рет осылай қаржыландырылған мемлекет тарапынан. Соңғы 10 жылдағы «миллиардниктерді» атап өтейін: Адекенов 1 млрд 491 млн, Мансуров 930 млн, Раманкұлов 1.1 млрд теңге, Рамазанов 1.6 млрд теңге.

Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті:

Босқа ақшаны алып алып маған жетпей қалды деп айқайлап, дарылдаудың керегі жоқ. Ондай әдісті мүлде қою керек. Егер ондай болатын болса жауып тастау керек ондай гранттардың барлығын.  

Осыған орай, ғылыми жобаларға грант берудің жаңа тәртібі енгізілмек. Ғылыми жаңалық тікелей өндіріске енгізілгеннен кейін ғана грант беру қарастырылған. Бірақ оған дейін қаржыны қайдан алады, сол жері түсініксіз.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Бүгінгі талқыланып отырған заң жобасы аясында айтып кеткендей, TRL деген арнайы құрал енгізіледі. Сол құрал арқылы ғылыми жаңалық тікелей өндіріске енгізілген жағдайда ғана гранттың нәтижелерін толыққанды қабылдаймыз. Бұл өте қиынға түседі. Оны мойындауымыз керек.

Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті:

Грантты бөлудің жүйесі дұрыс емес. Сол себепті біз гранттық жүйені өзгертуге ұсыныс енгізіп отырмыз.  Гранттар 100 пайыз болатын болса осының 30 пайызына академия жауап береді, 70 пайызына министрлік жауап берсін.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Ғылым даму үшін ғалым дамитын орталар болу керек. Мысалы, қасымыздағы көрші федерация 13 қаласын ғылым қаласы етіп қойған. Оларға бюджеттен ақша бөліп отыр, олардың әрқайсысының бағыты бар, ғалымдарына әлеуметтік мәселе шешіп отыр. Ал неге ол біздің заңда жоқ. Біз ғалымдарға жағдай жасамай ешқандай ғылым дамымайды.

Қазір жақсы инфрақұрлым, жоғары санаттағы заманауи қондырғылардан бөлек, жалақы мәселесі де өзекті. Бастысы, отандық ғалымдардың басын біріктіретін ақпараттық аналитикалық орталық болса дейді.  

Али Ауезов, Химия ғылымының кандидаты: 

Жасы келген адамдар қалды қазір. Жас адамды шақырсаңыз мынадай ақшаға келмейді. Ол шетелге кеткісі келеді. Біздегі ақша жастарды қызықтырмайды да.

Серік Жұмабек, тілші:

Сарапшылар отандық ғылым дамуы үшін, отандық ғалымдардың еңбектері тиісті деңгейде насихатталуы керек деп санайды. Бұл талап өте орынды. Берері жоқ, тіпті зиянды және қауіпті контент қаптады қазір. Медиа саласындағы маңызды жауапкершілікті сезінген біздің арна «Технократтар талқысы» деген бағдарламаны көрерменге ұсынғанын айта кетейік.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу